# Венчурлік инвестиция деген не: стартаптар мен инвесторларға арналған негізгі 27 ұғым

Венчурлік инвестиция — жоғары өсу әлеуеті бар, бірақ тәуекелі де жоғары стартаптарға қаржы салу тәсілі. Мұндай инвестициялардың дәстүрлі бизнестен ерекшелігі: инвестор компанияның болашақтағы өсуіне сеніп, оның капиталына үлес алу үшін қаржы құяды.

**Венчурлік инвестиция **— жоғары тәуекел мен жоғары өсу әлеуеті бар стартаптарға салынатын инвестиция.

**Венчурлік капитал **— стартаптар мен инновациялық компанияларға инвестиция салуға бағытталған капитал.

**Венчурлік қор **— инвесторлардан жиналған қаражатты перспективалы стартаптарға салатын инвестициялық қор.

**Венчурлік инвестор **— жоғары өсу әлеуеті бар стартаптарға қаржы салатын инвестор. Ол жеке тұлға, қор немесе компания болуы мүмкін.

**Бизнес-ангел** — өз қаражатына стартаптарға инвестиция салатын жеке инвестор. Қаржымен қатар, ол құрылтайшыларға тәжірибесі, байланыстары мен сараптамасы арқылы көмектесе алады.

**Инвестициялық қор** — бірнеше инвестордың қаражатын біріктіріп, оны әртүрлі активтерге немесе компанияларға салатын ұйым.

**Инвестициялық раунд **— стартаптың белгілі бір кезеңде инвесторлардан қаржы тартуы.

**Қаржыландыру раунды** — инвестициялық раундтың тағы бір атауы. Бұл кезеңде стартап өзінің дамуына қажетті капиталды жаңа инвесторлардан немесе бұрынғы инвесторлардан тартады.

**Тартылған инвестиция **— стартаптың инвесторлардан алған қаржы көлемі. Мысалы, компания «$2 миллион инвестиция тартты» деп хабарласа, бұл инвесторлардан осы раундта $2 миллион көлемінде қаржы алғанын білдіреді.

**Pre-Seed** — стартаптың ең бастапқы кезеңдерінің бірі. Бұл кезде идея, алғашқы прототип немесе өнімнің бастапқы нұсқасы болуы мүмкін. Инвестиция әдетте өнімді әзірлеуге және алғашқы гипотезаларды тексеруге жұмсалады.

**Seed** — стартаптың бастапқы даму кезеңі. Бұл кезеңде компания өнімін нарықта сынап, алғашқы клиенттерін тауып, бизнес-моделін қалыптастыра бастайды.

**Pre-Series A **— Seed пен Series A арасындағы кезең. Компания бұл уақытта өнімінің нарыққа сәйкестігін дәлелдеп, өсу көрсеткіштерін жақсартуға және келесі ірі инвестициялық раундқа дайындалуға тырысады.

**Series A **— стартаптың алғашқы ірі институционалдық инвестициялық раундтарының бірі. Әдетте бұл кезеңге компанияның жұмыс істеп тұрған өнімі, клиенттері және белгілі бір өсу көрсеткіштері болады.

**Series B** — компанияның бизнес-моделі дәлелденіп, енді оны белсенді масштабтау кезеңі. Қаржы жаңа нарықтарға шығуға, команданы кеңейтуге және операцияларды дамытуға жұмсалуы мүмкін.

**Series C** — әдетте бизнесі қалыптасқан және ауқымды өсу кезеңіндегі компания тартатын инвестиция раунды. Қаражат халықаралық экспансияға, жаңа өнімдерге немесе басқа компанияларды сатып алуға бағытталуы мүмкін.

**Late Stage** — компанияның дамуындағы кейінгі кезең.

**Ерте кезең** — стартаптың алғашқы даму сатысы. Бұл кезеңге Pre-seed, Seed және кей жағдайда Series A кезеңдері кіреді. Негізгі мақсат — өнімді жасап, нарықтағы сұранысты дәлелдеу.

**Өсу кезеңі** — компания өнімін нарықта дәлелдеп, белсенді масштабтауға кірісетін кезең. Бұл уақытта компания жаңа клиенттерді тартып, жаңа нарықтарға шығуы мүмкін.

**Стартап** — инновациялық өнім немесе бизнес-модель жасап, оны жылдам масштабтауға ұмтылатын жаңа компания. Венчурлік инвестиция көбіне осындай компанияларға бағытталады.

**Құрылтайшы** — компанияны немесе стартапты құрған адам. Ол өнімнің идеясын қалыптастырып, алғашқы кезеңде команданы және бизнесті дамытуға жетекшілік етеді.

**Фаундер** — стартаптың құрылтайшысы деген мағынаны білдіретін кең қолданылатын термин.

**Қоса құрылтайшы** — стартапты басқа бір немесе бірнеше адаммен бірге құрған адам. Ағылшын тілінде бұл термин «co-founder» деп аталады.

**Стартап экожүйесі **— стартаптардың дамуына қатысатын инвесторлар, венчурлік қорлар, акселераторлар, инкубаторлар, технологиялық компаниялар, университеттер, мемлекеттік ұйымдар және басқа да қатысушылардың ортасы.

**Акселератор** — стартаптардың қысқа мерзім ішінде жылдам дамуына көмектесетін бағдарлама. Қатысушыларға менторлық, сараптамалық қолдау, оқыту, байланыс және кей жағдайда инвестиция ұсынылады.

**Инкубатор** — стартаптарды идея кезеңінен бастап дамытуға көмектесетін ұйым немесе бағдарлама. Ол командаға жұмыс кеңістігін, менторлықты, білімді және басқа да ресурстарды ұсына алады.

**Demo Day** — акселератор немесе инкубациялық бағдарлама соңында стартаптардың өз өнімдерін инвесторлар мен сарапшылар алдында таныстыратын іс-шарасы.
