# Python, JavaScript, AI: IT-ді нөлден үйренуге болатын тегін курстар

IT-ге кірмек болғандар үшін бағдарламалау мен цифрлық дағдыларды нөлден үйренуге болатын тегін курстарды жинақтадық. Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалардан бастап әлемдік платформаларға дейін.

**Қайдан бастау керек**

Бірінші қадам — тіл таңдау емес, бағыт таңдау. Веб-әзірлеу, мобильді қосымшалар, ЖИ, деректерді талдау, тестілеу немесе киберқауіпсіздік — әрқайсысының бастапқы құралдары бөлек.

Бағыт айқындалғаннан кейін бағдарламалау тілін таңдау қажет: веб үшін JavaScript, деректер мен жасанды интеллект үшін Python, мобильді әзірлеу үшін Kotlin немесе Swift, бэкенд үшін Go, Java немесе сол сияқты Python.

Одан кейінгісі — тәртіп мәселесі. Теорияны көп жинап, практикаға кеш кіріскен адам жарты жолда тоқтайды, сондықтан алғашқы аптадан бастап код жазып, жобаларды GitHub-та сақтаған дұрыс. Жұмысқа алғанда сертификаттардан гөрі аяқталған жобалар маңызды.

Ал енді өзекті курстар:

[**Tech Orda**](<https://astanahub.com/ru/techorda/>)

Astana Hub іске асыратын мемлекеттік бағдарлама. Мемлекет аккредиттелген IT-мектептердегі оқудың құнын ішінара немесе толық өтейді — бір студентке 500 000 теңгеге дейін. Бағыттар арасында бағдарламалау, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, дизайн бар. Курстар мен мектептердің тізімі, өтінім қабылдау мерзімі платформада жарияланады.

[**Alem School**](<https://alem.school/>)

2019 жылы құрылған, француз мектебі 42-нің моделіне негізделген тегін бағдарламалау мектебі. Оқу peer-to-peer форматында өтеді: дәріс те, оқытушы да жоқ, студенттер тапсырмаларды өздері шешіп, бір-бірінің жұмысын тексереді. Қабылдау онлайн тестілеу мен іріктеу кезеңдерінен тұрады, алдын ала бағдарламалау білімі талап етілмейді.

[**Tomorrow School**](<https://tomorrow-school.ai/>)

Astana Hub базасында 01 Edu серіктестігімен жұмыс істейтін жасанды интеллект мектебі, Alem.ai қорының жобасы. Бағыттары — Go, JavaScript, Rust және жасанды интеллект. Оқу тегін, бірақ тек офлайн форматта, Astana Hub аумағында өтеді, қашықтан оқу қарастырылмаған.  

  
[**Skills Enbek**](<https://skills.enbek.kz/>)

Еңбек нарығы порталының білім беру платформасы. Data Science, Python, интернет-қауіпсіздік, product және HR-менеджмент бағыттары бойынша тегін онлайн курстар бар. Курстар қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

[**Samsung Innovation Campus**](<https://www.samsung.com/kz_ru/sic/>)

Java және Python бойынша тегін курстар ұсынатын халықаралық білім беру бағдарламасы. Мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталған, Қазақстанның бірнеше қаласында жүзеге асады. Оқу офлайн және онлайн форматтарда өтеді.

[**Stepik**](<https://stepik.org/>)

Орыс тілді ірі платформа, тегін курстардың саны бойынша ең кеңі. Python, Java, C++, SQL бойынша бастауыш курстардан бөлек, университеттер дайындаған алгоритмдер мен математика курстары бар. Әр тақырып интерактив тапсырмалармен бекітіледі — кодты тікелей браузерде жазып, тексеруге болады.

[**Google-дың тегін курстары**](<https://grow.google/>)

Google білім беру материалдарын бірнеше платформада ұсынады. [Digital Garage](<https://learndigital.withgoogle.com/digitalgarage>) — цифрлық маркетинг, деректер негіздері және мансап дағдылары бойынша қысқа тегін курстар. [Google Cloud Skills Boost](<https://www.cloudskillsboost.google/>) — әзірлеушілер мен инженерлерге арналған техникалық бағыт, практикалық зертханалық тапсырмалармен. [Google AI for Developers](<https://ai.google.dev/>)— жасанды интеллект модельдерімен жұмыс істеу бойынша материалдар. Coursera-дағы Google Career Certificates бағдарламаларын тегін тыңдауға болады, бірақ сертификаттың өзі ақылы.

[**freeCodeCamp**](<https://www.freecodecamp.org/>)

Веб-әзірлеу, деректерді талдау, машиналық оқыту бағыттары бойынша толығымен тегін бағдарлама. Оқу тапсырма орындаудан тұрады, әр блоктың соңында портфолиоға қосуға болатын жобалар бар. Сертификаттар да тегін.

[**CS50**](<https://cs50.harvard.edu/x/>)

Гарвард университетінің информатика негіздері бойынша кіріспе курсы. Дәрістері мен материалдары ашық әрі тегін. Курс нақты бір тілді емес, бағдарламалаудың негізгі принциптерін үйретеді — жад, алгоритмдер, деректер құрылымы. Соңында өз жобаңды жасау керек.

[**The Odin Project**](<https://www.theodinproject.com/>)

Фронтенд пен бэкендті қамтитын тегін фулстек бағдарлама. Ерекшелігі — курс өз материалдарымен қатар ашық құжаттамаға сілтеме береді, яғни ақпаратты өз бетінше іздеуге үйретеді. Бұл нақты жұмыс процесіне жақын дағды.

[**Hexlet**](<https://ru.hexlet.io/>)

Python, Java, Go, JavaScript және басқа тілдер бойынша бастауыш деңгейге арналған тегін курстар. Теориялық материал практикалық тапсырмалармен қатар жүреді. Платформаның негізгі бағдарламалары ақылы, бірақ кіріспе бөлігі ашық.

[**Kaggle**](<https://www.kaggle.com/learn>)

Деректермен жұмыс істейтіндерге арналған платформа. Python, SQL, машиналық оқыту бойынша қысқа тегін курстардан бөлек, нақты деректер жиынтығы мен жарыстар бар — алған білімді бірден нақты тапсырмада қолдануға болады.

[**Microsoft Learn**](<https://learn.microsoft.com/ru-ru/training/>)

Microsoft-тың тегін оқу платформасы. Python, C#, Azure, деректер базасы және жасанды интеллект бойынша оқу жолдары бар. Материалдар практикалық тапсырмалармен және өз ортаңда жұмыс істеуге арналған нұсқаулықтармен қатар беріледі.

[**MDN Web Docs**](<https://developer.mozilla.org/>)

Жеке курс емес, веб-технологиялар бойынша негізгі құжаттама. Бірақ кез келген веб-әзірлеушінің күнделікті құралы болғандықтан, онымен ерте танысқан дұрыс — мұнда HTML, CSS және JavaScript бойынша тегін оқу материалдары да бар.
